«ДАРЫН ЖҰЛДЫЗЫ» – ЕЛ ЕРТЕҢІН ЖАРҚЫРАТА АЛАТЫН ЖАС БУЫННЫҢ МЕРЕКЕСІ
Түркістан облысының білім басқармасының «Сарыағаш ауданы №4 мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатында» жыл сайын дәстүрге айналған «Дарын жұлдызы» марапаттау кеші биыл ерекше сән-салтанатпен, жоғары дайындықпен өткізілді. Бұл кеш – бір жағынан оқу жылының қорытындысы іспетті болса, екінші жағынан жас буынның жыл бойғы табандылығын, шығармашылығын, ізденісін ұлықтайтын рухани мереке. Шараға аудандық білім бөлімі мен әкімдік өкілдері, аудан мектептерінің директорлары, ата-аналар, түлектер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Білім мен өнер – ұлт келешегінің қос қанаты
«Дарын жұлдызы» марапаттау кешінің басты мақсаты – жыл бойы білім, өнер, спорт, ғылым және қоғамдық жұмыстар бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушыларды, қолдау білдірген ата-аналарын салтанатты түрде марапаттау. Сонымен қатар жас ұрпақты ынталандыру, жетістікке жетелейтін орта қалыптастыру – бұл кештің негізгі құндылықтарының бірі.
Мектеп-интернат директоры, білікті басшы, Мұрат Сейтжанұлы Дәне өз сөзінде:
– Бүгінгі күн – жас дарындардың ғана емес, оларға бағыт-бағдар берген ұстаздардың, жанашырлық танытқан ата-аналардың да жеңісі. Біз оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастыруда білім мен тәрбиені қатар ұстауға басымдық береміз. Осы бағытта жасалған жұмыстардың нәтижесі – алдарыңызда тұрған үздік шәкірттеріміз, – деп атап өтті.
Жетістіктер – жүйелі жұмыстың жемісі
2024–2025 оқу жылында Сарыағаш ауданы №4 мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының оқушылары білім, ғылым және шығармашылық бағыттарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бұл — ұжымдық еңбектің, жүйелі жұмыстың және шәкірттердің өз қабілетіне деген сенімінің айқын көрінісі.
- Облыстық пәндік олимпиадаларда 29 оқушы жүлдегер атанып, жаратылыстану бағытында математика, физика, химия, биология, информатика, география, гуманитарлық пәндер бағытында қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, орыс тілі, құқықтану, тарих сынды негізгі пәндер бойынша үздік білім көрсеткішін дәлелдеді. Атап айтқанда, 3 оқушы І орын, 9 оқушы ІІ орын, 19 оқушы ІІІ орын иеленді. Аталған оқушылардан 11-сынып оқушысы Сматилла Аруна Орал қаласында өткен республикалық пән олимпиадасында үздік деп танылып, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ білім грантымен және ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, 8-сынып оқушысы Сабыр Ақжан Астана қаласында өткен жасөспірімдер олимпиадасының республикалық кезеңінде үздіктер қатарынан көрініп, мадақтамамен марапатталды. Екі оқушының да жетекшісі білікті ұстаз Сулейменов Султан. Олимпиадада қол жеткізіген жоғары нәтиже – оқушылардың тек білім сапасының ғана емес, логикалық ойлау, ғылыми көзқарас пен талдау дағдыларының жоғары деңгейде екенінің көрінісі.
Ғылыми жобалар байқауында 23 оқушы жүлдегер атанып, экология, энергетика, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік зерттеулер және ІТ саласындағы тың идеяларымен көзге түсті. Атап айтқанда, 2 оқушы І орын, 4 оқушы ІІ орын, 17 оқушы ІІІ орын алып, жүлдегер атанды. 11-сынып оқушысы Холмирзаев Шадия математика секциясынан республикалық ғылыми жобалар сайысында ІІІ орынды иеленді. Жетекшісі Алтынай Базарбаева. Ал Аселхан Айымбаева жетекшілік ететін 9-сынып оқушысы Нұрлыбек Шұғыла өлкетану секциясы бойынша республикалық ғылыми жобалар сайысында ІІІ орын алды. Бұл көрсеткіш – оқушылардың жасампаздық қабілетін, зерттеушілік дағдысын дамытып қана қоймай, еліміздің ғылыми әлеуетіне қосар үлесінің бастамасы екенін аңғартады.
- Республикалық деңгейде 10 оқушы түрлі олимпиада, байқауларда мектеп абыройын асқақтатты. Мысалы, Арайлым Икрамованың дайындаған 11-сынып оқушысы Нұртаза Нұрай ХХІ ғасыр көшбасшысы интеллектуалдық ойынының республикалық кезеңінде ІІ орынды иеленіп, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ білім грантын жеңіп алды. Ал Лескүл Ергешқызының жетекшілігіндегі Нұрлыбек Шұғыла Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі олимпиадасының республикалық кезеңінде мадақтамамен марапатталса, Әкімқожа Айша Абайтану республикалық олимпиадасының ІІІ орын иегері атанды. «Қазақстан.Білім олимпиадасына» қатысқан 11-сынып оқушысы Балтабек Нұрбақ ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл нәтижеге жетуде жетекшісі Сандуғаш Рахымбекованың үлесі мол. Сонымен бірге мектептің жас өрендері де республикада атой салып орын алып жатыр. Мәселен, Тараз қаласында өткен «Ойлан тап» математикалық олимпиадасында 7-сынып оқушысы Дүйсенбек Бексұлтан мен 8-сынып оқушысы Айдаров Шоқан ІІІ орын мен мадақтамамен марапатталды. Жас жеткіншектерді білім шыңына жетелеген Феруза Жорабекова. Мұндай биік жетістікке жету – ұстаздар еңбегінің нәтижесі мен оқушы табандылығының жемісі.
- Халықаралық білім және шығармашылық байқауларында 3 оқушы еліміздің атын қорғап, Қазақстан туын биіктен желбіретті. Атап айтқанда, 11-сынып оқушылары Босымбеков Мейрамбек, Абдукаюм Аружан және Холмирзаев Шадияр «INFOMATRIX-ASIA» халықаралық компьютерлік жобалар байқауында жүлдегерлер қатарынан көрініп, күміс медальға ие болды. Алматы энергетика және байланыс университетінің білім грантын жеңіп алғанын үлкен жетістік деп атап өтуге болады. Аталған оқушыларға Арман Жүзбаев жетекшілік етеді. Бұл – мектебіміздің дарынды жастарының әлемдік білім кеңістігіне кірігуге қабілетті екенін көрсететін үлкен жетістік.
- Сонымен қатар, 30-дан астам оқушы «Жобаlike», INFOMATRIX-ASIA, ProEco сияқты ірі форматтағы инновациялық және креативті жобаларда бірнеше рет топ жарып, заманауи технологиялар, экология, медиа және ІТ бағыттарында өз мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл – ХХІ ғасырдың сұранысына сай сандық ойлау, креативтілік, топпен жұмыс істеу, шешім қабылдау сияқты қабілеттердің қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейді.
Мектептің бұл деңгейге жетуі – тек білім көрсеткіші ғана емес, бұл – ұлттық болашақтың негізін қалап жатқан тәрбиелі, дарынды ұрпақтың айғағы.
Сонымен бірге марапаттау кешінде ардақты түлектер – алтын ұямен қайта қауышты. Осыдан он жыл бұрын мектеппен қоштасқан 2015 жылғы түлектер арнайы шақырылып, құрмет төрінен орын алды. Бүгінде елдің әр саласында қызмет етіп жүрген осы азаматтардың мектепке деген сағынышы мен алғысы сахна төрінде шынайы түрде көрініс тапты. Олар мектеп ұжымына арнайы алғыс айтып, жас түлектерге жүрекжарды тілектерін білдірді.
Өнер мен мәдениет – кеш шырайын ашты. Кеш барысында мектептің шығармашыл оқушылары түрлі өнер нөмірлерін ұсынып, шараны мерекелік атмосфераға толтырды.
- «Томирис» би тобының Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» күйіне орындалған биі,
- «Домалақ ана» ансамблінің орындауындағы ұлттық әндер
- Жеке орындаушылардың патриоттық әндері – кештің көркемдік деңгейін көтеріп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Сондай-ақ арнайы дайындалған сценарий, фотоаймақтар мен оқушылар дайындаған бейнероликтер – кеш мазмұнын байытты.
Салтанатты кештің жабылу сәті де ерекше толқынысқа толы болды. Барша жиналған көпшілік — оқушылар, ұстаздар, ата-аналар және қонақтар — бір мезетте мектеп-интернаттың шығармашылық ұжымы дайындаған «Дарын жұлдызы» гимнін бірге шырқап, мерекенің рухани мәнін терең сезінді.
«Дарын жұлдызы» — бұл жай ғана марапаттау кеші емес. Бұл — жыл бойы жасалған ерен еңбектің, табандылық пен жауапкершіліктің, білім мен тәрбиенің үндестігін көрсететін үлкен рухани платформа. Мұнда тек үздіктер ғана емес, әрбір оқушының мүмкіндігі бағаланып, әрбір ұстаздың еңбегі ескерілді.
Бұл кеш жас ұрпақтың бойындағы рухани серпілісті, елжандылық пен патриоттық сезімді, үлкен өмірге деген нық қадам мен сенімділікті қалыптастыратын үлкен тəрбиелік шара ретінде ерекше әсер қалдырды. Әрбір марапат – болашаққа жолдама, әрбір аталған есім – мектеп мақтанышы, ел ертеңінің үміті екені сезілді.
Кештің тәрбиелік құндылығы – тек жетістікке жеткен оқушыны емес, олардың артында тұрған ұстаз бен ата-ана еңбегін дәріптеуінде. Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, тұлға қалыптастыру – бұл мектеп-интернат ұжымының стратегиялық ұстанымы.
Сарыағаш ауданындағы бұл игі дәстүр жас ұрпақты шабыттандырып, дарынды оқушылардың қабілетін бағалауға және оларға сенім сыйлауға бағытталған тамаша бастама. Жылдан жылға қанат жайып келе жатқан бұл шара — әрбір оқушының жүрегінде жарқын естелік, әрбір ұстаздың жүрегінде мақтаныш, ата-ананың жүрегінде шексіз ризашылық сезімін қалдырды.
Ендеше, «Дарын жұлдызы» — бұл болашаққа салынған көпір, ертеңгі ел көшін бастар көшбасшыларға берілген баталы сәт. Бұл кеш — Сарыағаштағы дарынды ұрпақтың шынайы жеңісі!
Сулейменов Султан Абилхайевич
Сарыағаш ауданы №4 мамандандырылған мектеп-интернаты
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары