ДАРЫНДЫЛАРДЫҢ ДАРА МЕКЕНІ

ДАРЫНДЫЛАРДЫҢ ДАРА МЕКЕНІ

Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының «Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тарихы мен тағылымы да өңіріміз үшін ерекше.  Мектеп-интернат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы  16 қыркүйегіндегі «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» Қазақстан Республикасы  Президентінің өкімін іске асыру жөніндегі шаралар туралы» № 1125 қаулысы негізінде 2006 жылдың қазан айында ашылды. Мектеп-интернаттың ашылуына тікелей мұрындық болған сол кездегі аудан әкімі – Нұрмахан Миятұлы Жолдасов. Алғаш «№110 «Дарын» дарынды балаларға арналған мектеп-интернат» ретінде ашылған мектеп-интернат аудандық білім бөлімінің қармағында болды. 2008 жылдан бастап Оңтүстік  Қазақстан облысы Білім басқармасына қарасты «Сарыағаш ауданының №4 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп- интернаты» болып облыстық мектептер санатына енді.

Мектеп-интернат қазақ тілінде білім беретін 12 сыныптан тұрады. Тереңдетілген білім беру мекемесі жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарында мамандандырылған компоненттерге негізделген бағдарламамен жұмыс жасайды.

Мектеп-интернаттың қалыптасу тарихы, дамуы көзі көргендердің көңілінде көмескіленбеген болар. Мектеп-интернаттың тарихы  ірге тасын қалаған саналы ғұмырын салауатты ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз, ҚР білім беру үздігі, тәжірибелі басшы Гүлзинат Мырзалықызы Юсупованың есімімен тікелей байланысты. Білікті басшы мектеп-интернатты  2006-2013 жылдар аралығында басқарды. Осы жылдар ішінде мектебіміз облыстық ғана емес, республикалық, халықаралық деңгейде жоғары белестерден көрінді. Басшылық жасаған жылдары Гүлзинат Мырзалықызы мектеп ұжымына жоғары білімді, білікті мамандарды жинай алды.  Ұжымның дамуында дұрыс бағыт бағдар беріп, жол сілтей алатын ұлт азаматшасы ретінде көріне білді.

2013-2014 жылдар аралығында айтулы білім мекемесін Джеренова Раушан Омарханқызы басқарды. Педагогика ғылымдарының кандидаты Раушан Омарханқызы педагогикалық бай тәжірибесімен мектептің ары қарай дамуына өз үлесін қосты.

2015 жылдың сәуірі мен 2016 жылдың наурызы аралығында Құрбанова Лескүл Ергешқызы директордың уақытша міндетін атқарды.

2016 жылдың наурызы мен 2019 жылдың қаңтары аралығында мектеп-интернатты  ауданымыздағы бес бірдей білім мекемесін басқарған білікті басшы Құрбанбаев Күмісбек Әбиұлы басқарды. Жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен талапшылдығының арқасында өз ұжымын биік белестерге жетеледі. Өзінің кәсіби ғұмырында Сарыағаш ауданының білім саласының дамуына жоғары үлес қоса алған білікті педагог өзіндік жинаған тәжірибесін ұжыммен бөлісіп, ұстаздардың шәкірт тәрбиелеуіне дұрыс бағыт сілтеуші басшы ретінде көріне білді.

2019 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі таңда мектеп-интернатты Дәне Мұрат Сейтжанұлы басқарып отыр.

Ұлы Даланың күміс қоңырауы Ыбырай Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», – деп дәріптеген. Ұлы Абай: «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады», – дейді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», – деген. Алыптардың ақыл сарайынан сомдалып шыққан сөздердің мағынасы ғасырдан асса да өзгере қоймапты. Бүгін де сол ақиқат: мұғалім – мектептің жаны, жүрегі. Ізгілікке, шуаққа толы, ешқашан әжім түспейтін жылы жүрек. Мектеп-интернат қабырғасы республикаға танымал ұстаз, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Ә.Хамитов, Қ.Нәрікбай, Г.Байдраманова, Қ.Сайтақов, Қ.Боранбаев секілді аға буын өкілдері үшін озат іс-тәжірибесін бөлісу ортасына, ал олардың ізін басқан М.Сарсенбаева, Л.Кенжебекова, Г.Ахметова, Ф.Жорабекова, Г.Шораева сияқты тәжірибелі мұғалімдер үшін кәсіби тұрғыдан кемелдену алаңына айналды. Н.Байназаров, Д.Абубакиров, Н.Түзелбаев, Ә.Арапова, Л.Құрбанова, О.Ақынбек, С.Сүлейменов, А.Балғымбекова, Т.Есенов, Н.Дүйсебаев, Ш.Есенов сияқты жоғары санатты мұғалімдер үшін шыңдалу мектебі болды. Соның нәтижесінде мектеп-интернат оқу-тәрбие саласында елеулі жетістіктерге жетті. Бірнеше жыл ауқымында Сарыағаш ауданындағы білім беру ұйымдарының көшбасшысына айналды. Мектеп ашылғаннан бері кездескен көптеген қиындықтарды табандылықпен жеңіп өтіп, тіпті облыс ауқымындағы алдыңғы қатарлы мектептер санатына ілікті.

Мектепте 41 ұстаз, 10 тәрбиеші жалпы саны 123 қызметкер жұмыс жасайды.  2019-2020 жылдары Ұстаздарымыз Ә.Тасболат пен М.Сарсенбаева «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болса,  М.Дәне, Ж.Нуржанов, Т.Есенов, Л.Курбанова, Л.Кенжебекова, С.Сүлейменов, Д.Абубакиров, А.Балғымбекова, Ф.Журабекова білім саласына қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен»  марапатталды. 5 ЖОО профессорларымен жеке келісім шарт негізінде жұмыс жасалса, 41 мұғалімнің  5-еуі ғылым магистрі, 9 «педагог-шебер», 11 «педагог-зерттеуші», 6 «педагог-сарапшы», 5 «педагог-модератор» қызмет атқарады. Мектеп-интернатымыз 15 жылдық тарихында дарынның дарабоздары 728 рет облыстық, республикалық, халықаралық білім бәйгелері мен ғылыми жоба конкурстарына, спорт және өнер сайыстарында жеңіс тұғырынан көрінді. Мектеп-интернаттан 526 түлек түлеп ұшса, оның 135 «Алтын белгі» белгісіне, 53 «Үдік ЖОБ» аттестатқа, 276 «Үздік НОБ» аттестатқа ие болып, өз кезегінде ҰБТ жоғары деңгейде тапсырып, еліміздің беделді ЖОО-на, шет елдегі университеттерде білімін жалғастыруда.

Аз тарихы болса да, ауыз толтырып айтарлықтай өз орны, жетістіктері бар мектеп-интернат ұжымы алдағы уақытта да еліміздің ертеңі, жастарды, аянбай білім мен тәрбие бұлағынан сусындатып, ел болашағына үлес қосуды мақсат тұтқан! Дарын – дарынды балалардың қабілетін ұштап, үлкен өмірге қанат қақтыратын қара шаңырақ.