“ЖОБАLIKE” ЖАС ЖАСАМПАЗДАРДЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ФЕСТИВАЛІ
“Баршаға қолжетімді сапалы білім” Ұлттық баяндамасы аясында Түркістан облысында іске асырылатын жол картасының жоспарына сәйкес “Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы” КММ-нің қолдауымен Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған мектеп-интернатының ұйымдастыруымен 2025 жылдың 1 наурызында “DARYN STEP” жобасы аясында “ЖОБАLIKE” облыстық ғылыми жобалар фестивалі ұйымдастырылды. Аталған фестивальдің мақсаты: оқушылардың ғылыми ойлау қабілеттерін арттыру, талантты оқушылардың шығармашылық-зерттеушілік дағдыларын дамыту және қолдау. Аталған сайысқа жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық ғылыми жоба сайысының қорғауына қатысып, сараптамадан өткен 8-11 сынып оқушылары жобаларын ұсынды. Фестивальге Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара мамандандырылған мектеп-интернаттары және Келес, Сарыағаш ауданының мектеп оқушылары қатысты. Аталған ғылыми жобалар байқауына 8 секция бойынша 84 жоба ұсынылды. Жобаларды бағалау кезінде тақырыптың өзектілігі мен жаңашылдығы, жұмыстың нәтижелілігі, сондай-ақ қатысушының ақпаратты дұрыс пайдаланып, ойын еркін жеткізе білуі, көрнекі құралдарды қолдануы және сұрақтарға жауап беру қабілеті бағаланды. Қазылар алқасы бірнеше жобаға қызығушылық танытып, сұрақтарын ортаға салып, қызу талқылады. Әділ қазылардың шешімімен кіл үздіктер анықталып, арнайы дипломмен марапатталды. Сонымен қатар озық идеяларымен ерекше көзге түскен қатысушыларға алғыс хат табысталды.