«Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді»
Неміс жазушысы Лион Фейхтвангер
Адамзат жүріп өткен соқпақпен керіге көз тастасақ, миллиардтарды біріктіретін, миллиондарды басқаратын бір ғана құрал бар екеніне көзіміз жетеді. Ол – кітап!
Себебі діннің өзі қасиетті кітаптардың арқасында біртұтастығын бұзбай отыр. Әл-Фарабидің асыл мұрасын бүгінге жеткізген де – кітап. Бүтін бір ұлт кітаптың арқасында Абайдың өлеңін жаттап, 175 жылдығын тойлап жатыр. Демек, кітап – уақыттың елегі. Оқиғалар мен адамдарды іріктеп, сом тұлға, соны құбылыстарды ғана болашаққа жеткізіп отырады. Өзіндік фильтрі бар. Сенімді дерек көзі ретінде пайдаланатынымыз да содан шығар. Өткенін білмеген болашағына бағдар жасай алмайды. Ал тарихтың бәрі кітапта…
Осы тұста медицинаның кітап оқуға берген бағасына тоқтала кетейік. Қазір көпшілік күйзелістен зардап шегеді ғой. Мұны көбіне жұмысын беріле істейтін жандардан, ҰБТ-ға дайындалып жүрген жастардан аңғарамыз. Енді мына қызыққа қараңыз, кітап оқу күйзелісті 68 пайызға дейін төмендетеді. Небәрі 6 минут қана оқу жүрек соғысын бәсеңдетіп, бұлшық еттің босаңсып, демалуына көмектеседі екен.
Тез қартаюдан қорықсаңыз да кітап көмекке келеді. Себебі, қартаюдың бірден-бір себебі – ми жұмысының баяулауы. Оған не себеп? Қарайтын кино, әуреге салған әлеуметтік желі, кеңсеге қамаған жұмыс. Кітап оқу мидың жұмысын жетілдіреді. Мәселен, көркем шығарманы алайық, кейіпкердің киімін, түр-тұлғасын суреттеген жерін оқығаныңызда миыңыз автоматты түрде сол кейіпкерді қиялыңызда суреттеп береді. Ал кино я бейнежазбада бәрі дайын ғой, ә?! Миға артық күш түспейді. Жұмысы жоқтық адам баласын ғана емес, оның миын да аздыратынын ғылым мен медицина әлдеқашан дәлелдеп тастаған. Бұдан бөлек, кітап оқудың есте сақтау қабілетін жақсартып, альцгеймер ауруының алдын алатынын жазбасам да білесіз…
Өткен ғасырда әлемді фашизмнің құрығынан құтқарып қалған Сталин күніне кемінде 400 бет кітап оқыған. Францияны әдебиеттің шыңына шығарған Бальзак 200 беттік романды жарты сағатта оқып аяқтайтын дейді кейбір деректер. Ал күллі Еуропаны дүр сілкіндірген Наполеон минутына 2000 сөз оқып, талайды тәнті еткен. Саналы ғұмырында өзінің өнертабыс жетістіктеріне 1093 патент алған Эдисонның 2-3 қатарды бірден оқи алатын қабілеті де талай басылым беттерінде жүрді. Мұндай қабілеттерді кітап оқымайтын я аз оқитын адамның дамыта алмасы белгілі.
Біз кітап оқуды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушыларына ғана қатысты нәрсе деп ұғамыз ғой. Байқадыңыз ба, жоғарыдағы тұлғалардың бәрі бір ғана саланың өкілі емес. Жазушы да, көсем де, қайраткер де, тіпті, өнертапқыш та бар. Демек, кітап оқуды ұстаздарға ғана теліп қою сынды қоғамдық қасаң қағида қате!
Кітап адамға тәуелді емес, кітапқа біз тәуелдіміз. Әйтпегенде, аты аталған тұлғалармен қатар өмір сүрген мықты саудагерлер, танымал саясаткерлер, жезтаңдай әншілер болмады дегенге сенбеймін. Болды. Өз дәуірінде абыройы мен атағы жағынан тізімдегілерді он орайтындар да өмір сүрді. Бірақ, олар тарихта қалмады. Кітапта тек кітап оқитындар мен кітапты құрметтейтіндерге ғана орын бар.
Аузын ашса, әр сөзі өлең боп өрілетін талай қайраткерлердің кітапқа қарыздар екенін қайта-қайта айтып жүргенін көріп жүрміз. Талдау, болжау, талғам, таңдау сынды қасиеттер бүкіл салаға ортақ. Ақын бол, әкім бол, дәрігер бол, әнші бол, осы қасиетпен бағалайды бәрі. Ал оның қайнар көзі кітапта жатыр. Ол адамды тәрбиелейді. Ақылына ақыл қосады. Таным көкжиегін кеңейтеді. Көп арасынан суырылып шығып, көшбасшы болуға көмектеседі. Қайраткер атандырады. Деннің саулығына да пайдасы орасан.
«Техника дәуірі» деп жиі айтатынымыз жасырын емес қой. Десе де ғылым қанша дамығанымен, кітапқа балама табылмайды. Себебі, уақыт өте техника ескіріп, құнын жоғалтады, ал кітаптың бағасы күн сайын арта бермек. Бұлардың тұтынушылары да дәл сондай…
Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының «Сарыағаш ауданы №4 мамандандырылған мектеп-интернатының» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты ұстазы
Курбанова Лескул Ергешқызы