МҰҒАЛІМ – МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ
Мектеп – өркениетке бастайтын сара жолдың бастауы. Дәл осы құтты мекеннен жаһанның талай жұмбағын шешкен ғалымдар, өмірді мүлде жаңа арнаға бұрған өнертапқыштар, адамзаттың желкесіндегі құлдықтың қамытын шешіп, азат ойлы қоғам құрған қайраткерлер, талантымен талайды тәнті еткен тұлғалар түлеп ұшқан. Айта берсек, шет-шегі жоқ. Содан болар қара сөздің қасиетін ұғып, қастерлей білген арда қазақтың «мектеп» сөзінің мағынасына келгенде төрт қана қабырғаға теліп қоюды құп көрмей, өмірдің өзін осы бір сөзге сыйдырып жібергені. Қоғамда сала көп, мекеме де аз емес. Бірақ неліктен дәл осы ұғымның астарына үңілсек, сана көкжиегіне сыймайтын ұшан-теңіз мағынаны түсінеміз?! Себеп біреу – мектептің артында адамзат баласы сөзінен қаншама ақыл тапса, рухынан соншама қуат алатын ұстаздар қауымы тұр.
«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп Мағжан ақын айтқандай, мұғалімге деген ертеден келе жатқан құрмет пен сый қазіргі мың құбылған заманда, шым-шытырыққа толы қоғамда өз деңгейінде сақталып қалуына ең алдымен, мұғалімдер, біздер мүдделі болуымыз керек. Білімнің тірегі – мектеп, мектептің жүрегі – мұғалім. Демек жүрек әлсіз болса, мектеп ауруға ұшырайды, ал ауру мектеп ешқандай білімнің тірегі болып жарытпас.
Рас, мұғалім – мамандық. Дегенмен, ел баласына жан-жүрегімен жаны ашитын, шәкіртімен бірге еңбектеніп, жетістігіне қуана алатын дархан қасиетті қажет ететін мамандық екенін естен шығармауымыз керек. Міне, осындай жандардың арқасында ғана мектеп өркениеттің ошағына айналады.
Аңғара қарасақ, дәл осы орта оң-солын танымаған ойын баласының бойына ең ізгі қасиеттерді сіңіреді. Бәсекеге үйретеді. Білім береді. Жеңіс пен жеңілістің салдарын ұғындырады. Жол көрсетеді. Содан болса керек, талай шәкірттің мектебін мақтан тұтып, ұстазын үлгі етеніні. Демек, мектептегі тіршілік – қайнап жатқан өмірдің шап-шағын бөлшегі. Ал ұстаз – дәл сол мектептің жүрегі. Себебі ол болмаса, жоғарыда аталғандардың бірі де болмайды. Өркениет ошағына айналған құтты мекеннің құны кетіп, қаңыраған ескі ғимараттан айырмашылығы қалмайды. Демек бүкіл адамзаттың артында ұстаз тұр. Қоғамды дамытушы да, өркениетке бастаушы да, ұлтты тәрбиелеп, елді ертеңге жеткізетін де – ұстаз.
Мен де осындай ескіден келе жатқан сүрлеуге түсіп, өз соқпағымды қалдыруға ниеттенген мұғалімнің бірімін. 1998 жылы еңбек жолымды бастағанда, өз алдыма мақсат қойдым, «ұстаз — ұстаз болып танылуы үшін, оған ең алдымен ұйымдастырушылық қабілет керек» деген ұстанымды ұстанып, үнемі шығармашылық ізденісте жүріп, біршама жетістіктерге жеттім деп айта аламын. Ұстазын үлгі ететін, мектебін мақтан тұтып, «алтын ұя» санайтын талай шәкірт тәрбиеледім. Шәкірттерімнің жеңіске жетудегі сіңірген жемісті еңбегім үшін облыстық білім басқармасы басшысының алғыс хаты мен құрмет грамотасына ие болдым. Атап айтқанда, 2010 жылы басқарма бастығы Б.Көмекбаеваның, 2013 жылы А.Елшиеваның, 2016 жылы Қ.Құлажановтың, 2017 жылы басшының міндетін атқарушы Р.Ергашеваның, 2018 жылы облыстық әдістемелік кабинеті директоры Р.Себепованың, 2019 жылы басқарма басшысының міндетін атқарушы А.Садықованың, 2020 жылы Р.Жолаевтың алғыс хаты. Ал ең басты марапат мен үшін 2019 жылы «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін» берілген ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің «ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ» болды.
Оқушыларға қазақ тілі мен әдебиетінен заман талабына сай сапалы білім берумен бірге, шәкірт бойындағы дарындылықты анықтау, оларды ғылыми-ізденушілік және шығармашылық жұмыстарға баулу ісінде аянбай еңбек етіп, жұмысымның оң нәтижесін де көрдім. Атап айтсам, соңғы оқу жылдарындағы жетістігім, XV Мағжан оқуларының республикалық кезеңінде оқушым Абдуали Маржан жүлделі ІІІ дәрежелі дипломды иеленсе, республикалық ғылыми жобалар жарысының облыстық кезеңінде үздік жобасы үшін оқушым Асан Назерке ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2019-2020 оқу жылындағы ірі жетістігім, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңінде үздік білімімен танылған оқушым Сыдық Зина ІІ дәрежелі диплом иегері атанып, республикалық байқауға жолдама алды.
Қазіргі оқытудың жаңаша технологиясын меңгерудің өзі ұстаздан шығармашылықты талап етеді. Ал шығармашылықпен жұмыс жасау үшін мұғалім өзінің кәсіби біліктілігін арттырып отыруы қажет. Егемен еліміздің білім беру жүйесіндегі жаңаруларға лайықты үн қосу үшін ҚР педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың курсына қатысып, бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасы бойынша сертификатталдым. Сондай-ақ, орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде өз пәнім бойынша біліктілік курсынан өттім. 2019 жылы ұлттық біліктілік тестілеуінен өтіп, «педагог-шебер» біліктілік санатын алдым.
Білім беру саласындағы жиырма бір жылдан асқан еңбек өтілімде педагогтік, басшылық қызметтерді де атқарып, өзіме қажетті тәжірибе жинадым. Өнегелі, жемісті еңбек ету арқылы ғана өз мектебімнің дамып-қалыптасуына өзіндік үлес қоса алатыныма көз жеткіздім. Ендігі ұстанған бағытым, білімді шәкірт қана емес, биік адамгершілік, моральдік қасиеттерге ие, көшбасшылық дағдыларды жете игерген ұлтжанды, заман талабына сай жан-жақты кемелденген ұрпақ тәрбиелеу.
Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының «Сарыағаш ауданы №4 мамандандырылған мектеп-интернатының» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты ұстазы
Курбанова Лескул Ергешқызы