ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК
Ұстаз Юсупова Гүлзинат Мырзалықызының «Дарындағы» даңғыл жолы
Ұстаздық – ұлы іс. Саланың саңлақтары саялы Сарыағашта аз емес. Ұлы істе ұлағатымен мәңгілік із қалдырған ұстаздардың бірі – Гүлзинат Мырзалықызы Юсупова болатын.
Ол 1952 жылы 12 шілдеде қазіргі Түркістан облысының Келес өңірінде туып-өскен. Қырық жылдан астам уақыт оқу-ағарту саласында табан аудармай еңбек еткен. Қатардағы мұғалімнен оқу ісі меңгерушісі, мектеп-интернат директорлығына дейінгі педагогтік, басшылық қызметтерді атқарған. Кәсіби білігінің арқасында мыңдаған шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, кісілік келбетімен, жібектей мінезімен, терең білім-тәжірибесімен жүздеген әріптестеріне үлгі-өнеге болған ұлағатты ұстаздың жарқын бейнесі әрқашан жадымызда.
Гүлзинат Мырзалықызының ұстаздық жолындағы ең үлкен белес – 2006 жылдың қыркүйек айынан 2013 жылдың тамызына дейін Сарыағаш ауданының №4 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының директоры болып қызмет атқарған кезі. Бұл кезеңде ол өз ісінің шынайы білгірі, білікті басшы болумен қатар, шебер ұйымдастырушы екенін жан-жақты танытты.
Сарыағаш ауданының №4 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты элитарлық білімді, жалпы орта білім беру мен мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленетін жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, оқытудың жоғарғы тиімділігін қамтамасыз ететін инновациялық педагогикалық технологияларды іске асыру мақсатында құрылған. Мектеп-интернатқа жүктелген міндет аса жауапты: тұлғаның шығармашылық, рухани және дене шынықтыру мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік және салауатты өмір сүру негіздерін қалыптастыру, дара тұлғаны дамыту үшін жағдайларды жасау арқылы зияткерлікті байыту. Қоғамда өмір сүруге бейімделген, қосымша және кәсіптік білім беру бағдарламаларын саналы таңдауға дайын, мәдени жағынан жоғары дамыған зияткерлі тұлғаны қалыптастыру және оқушылардың негізгі жалпы білім беру бағдарламаларының сапалы және саралаған оқуды меңгеруін қамтамасыз ету. Осынау мәртебелі миссияны атқару мақсатында іргесі қаланған мектеп-интернаттың қазіргі 14 жылдық даму, қалыптасу тарихында көзі көргендердің көңілінде көмескіленбесе, саналы ғұмырын салауатты ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі, тәжірибелі басшы Гүлзинат Мырзалықызы Юсупованың еңбегі орасан зор екені ұмытыла қоймас.
Сарыағаш ауданында «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің өкімін іске асыру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 16 қыркүйектегі №1125 қаулысын басшылыққа ала отырып 2006 жылдың қазан айында дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашылды. Жаңа білім мекемесіне басшы болып тағайындалған Г.М.Юсупованың ұйымдастырушылық шеберлігі, басшылық біліктілігінің арқасында білім мекемесі тәжірибелі кадрлармен, қажетті ғылыми-әдістемелік, материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілді. Мектеп-интернат ашылған кезде оған еншілі жаңа ғимарат деген болған жоқ. Тоғыз жолдың торабында, қолданыстан шығып, тозығы жетіңкіреген ғимаратқа қоныстануға тура келген. Істің көзін білгенге қол қусырып қалу қол емес. Жоқты құрап, барды ұқсату жол. «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек», – депті кемеңгер Әуезов. Аудан басшылығының қолдауымен, мекеме басшысының ұйытқы болуымен, ұжымның бір кісідей жұмылуымен аз уақыт ішінде мектеп ғимараты пайдалануға дайын болды. Ауданның бірқатар ардақты азаматтары жаңадан құрылған мектептің жарағы мен жабдығын түгендеуге аянбай көмек көрсеткенін де иіні келген тұста айрықша атап айтқан орынды.
Қай салада болмасын, шешуші фактор – сапалы мамандар құрамы. Егемен елдің білім беру жүйесіндегі жаңаруларға лайықты үн қосу үшін, алдымен, білім мекемесінің кадрлық әлеуеті тегеурінді болуы тиіс. Осы мақсатта аз уақыт ішінде Г.Юсупова оқу мекемесіне, ең алдымен, білімді де білікті мамандардың тартылуына себепші болды. Мұғалімдерді іріктеуде «Дарынды шәкіртке – дарынды ұстаз» қағидаты басшылыққа алынды. Пәндер бойынша базалық білімі бар, кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың жұмысқа арнайы іріктеумен қабылдануы – ашықтық пен әділдіктен ұтпасақ ұтылмасымыз анық екенін нешеме рет дәлелдеп те берді. Соның нәтижесінде ұжым ішінде оңтайлы педагогикалық-интеллектуалдық, жағымды моральдық-психологиялық орта қалыптасты. «Бірлік барда тірлік бар». Г.Юсупова ұжымды бір мақсатқа жұдырықтай жұмылдыра білді. Педагог мамандардың үнемі ізденіс үстінде болуын, тәжірибесін ұдайы жетілдіріп, оқытудың осы заманғы озат технологияларын кеңінен әрі тиімді қолдануын басшылыққа алды.
Мектептің айнасы – оның қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттері. Мектеп-интернат түлектері алғаш 2007-2008 оқу жылында ҰБТ-да орташа 83,3 балл білім деңгейін көрсеткен болатын. 2008-2009 оқу жылы қорытындысында бұл көрсеткіш 93 балға жетіп, үш түлегі «Алтын белгі» иегері атанды. 2009-2010 оқу жылында мектеп-интернаттың 12 бітірушісі «Алтын белгі» иегері болды, орташа көрсеткіш 113,2 балды құрады. 2010-2011 оқу жылында 36 бітірушісі ҰБТ-ға қатысып, олардың ішінен 13 «Алтын белгі» иегері шықты, орташа көрсеткіш 112,8 балды құрады. Білім мекемесі 2011-2012 оқу жылында ҰБТ нәтижесіне бойынша облыстағы жалпы білім беретін мектептер арасында 3-орынға тұрақтады. 2012-2013 оқу жылында мектеп-интернаттың 44 оқушысы ҰБТ-да 100,3 балдық көрсеткішке қол жеткізді, 6 түлегі «Алтын белгіні» ақтады. Бұдан, сөз жоқ, білім мекемесінде аз уақыт ішінде жүйелі өсу қарқыны байқалғандығы көрінеді. Бірнеше мұғалімдер республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері атанды. Оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі пән олимпиадалары, ғылыми жобалар, КҒА байқаулары, түрлі зияткерлік байқаулар мен оқуларда жүлделерге қол жеткізді. Оқу ордасының шаңырақ көтеруінен бастап, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі биіктерді бағындыруы, қалыптасуы мен өрлеуі тікелей мектеп-интернат директоры Гүлзинат Мырзалықызы Юсупованың есімімен байланысты екендігі дау тудырмас шындық. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын салауатты ұрпақ тәрбиесіне арнады, ұлағатты ұстаз, парасатты, өмірлік тәжірибесі мол азамат ретінде егемен Қазақстанның дамуына үлесін қосты.